Сұхбат барысында президент әкесінің сталиндік қуғын-сүргіннің кесірінен жетім қалғанын айтты.
«Ол өмірінің соңына дейін, соғыста жеңгені үшін Сталинге риза болып өтті. Бұл жерде үлкен қарама-қайшылық туындап тұр. Бір жағынан алып қарағанда, ол Сталиннің кесірінен жетім қалды. Ал екінші жағынан алып қарасақ, ол Сталинді Кеңес одағы Қарулы күштерінің Ұлы қолбасшысы деп санады», - деді Мемлекет басшысы.
Журналист Алексей Пивоваров президенттен бүгінде Ресейде танымал қазақстандық рэп-орындаушы Әділ «Скриптонит» Жәлелов шығармашылығы туралы сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық рэп-орындаушы Әділ «Скриптонит» Жәлеловтің әндерін тыңдағанын айтты.
«Оны бірнеше рет тыңдап көрдім. Ұйып тыңдағанмен, бәрін түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ түсінуге тырысып көремін», - деді Тоқаев.
Әнші Димаш Құдайбергенмен мақтан тұтатынын да жасырмады.
«Ол өзінің өнерімен әуелі қытайлық тыңдармандарын, кейін Ресейді тәнті етті. Кремльдегі съездер сарайында бірнеше концерт берді. Концерттерінің барлығы аншлагпен өтті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Саакашвилидің мысалы Қазақстанға неліктен келмейтінін айтты. Президент болашақта полицияға қатысты реформа жасау жоспарында бар екендігін жеткізді.
«Ол туралы естігенмін. Болашақта ілкі жоба ретінде жергілікті муниципалды полицияға қатысты реформа іске асырып көруіміз мүмкін. Келешекте жасауға тырысамыз, бұл жоспарымда бар. Бірақ жеке бір облыста немесе ауданда іске асырамыз. Бұл тұрғыда Саакашвилиге оңайырақ болды. Оның елі шағын, халқының саны 3 млн адамнан сәл ғана асады. Сондықтан экспериментке сақ қарау керек. Бірақ реформа да қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.