22 қыркүйекте Қазақстан Президенті Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Одиль Рено-Бассомен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапарлап келген ханыммен француз тілінде сөйлесті. Кездесудің видеосын президенттің телерадиокешені жариялады.
"Президент ханым, өзіңізді бүгін біздің астанамыздың төрінен көргеніме өте қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біз үшін маңызды, өйткені ол біздің ел мен сіздің банк арасындағы ынтымақтастыққа үлкен серпін береді", - деді Президент Тоқаев.
Банк басшысы Мемлекет басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс білдірді.
"Қазақстанға бірінші рет жасаған жеке сапарым үшін өте қуаныштымын. Біз өзіңізбен телефон, бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізгенбіз, бірақ тікелей кездесу деген мүлде басқа дүние. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, терең талқылаулар жүргізуге, сонымен қатар кеңейтілген құрамда бірқатар серіктестермен кездесуге мүмкіндік береді", - деді Одиль Рено-Бассо.
Осы өңірдегі басқа елдерге де баруды жоспарлап отырсыз ба? - деп сұрады Президент.
Жоқ, бұл жолы емес. Болашақта. Ал осы аптада тек Қазақстан, - деді банк басшысы.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) бітірген, ҚХР-дағы КСРО елшілігінде диплом қорғар алдында тағылымнан өткен, Пекин лингвистикалық институтында да тәжірибеден өткен. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Қазақстан Президенті қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін жетік біледі, француз тілін де жақсы меңгерген.