Stadler Rail AG холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулермен өткен кездесуде көлік саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары, сондай-ақ, Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің кезекті отырысын өткізуге байланысты мәселелер талқыланды.
Glencore International AG компаниясының бас директоры Айван Глазенберг Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Қазмырыш" ЖШС-ін одан әрі дамыту жөніндегі компанияның жоспарлары, соның ішінде, Жәйрем кен байыту комбинатындағы полиметалл рудаларын өңдейтін зауыттың құрылысы туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін озық технологияларды енгізудің маңызды екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада қызметінен кететін Айван Глазенбергке Қазақстанның тау-кен саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді және кездесуге қатысып отырған Гэри Нэйглге табыс тіледі. Гэри Нэйгл Айван Глазенбергтің орнына компанияны басқарады.
F.Hoffmann-La Roche AG фармацевтикалық компаниясының басқарма төрағасы Кристоф Францпен кездесу кезінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, соның ішінде, COVID-19 індетін және басқа да әртүрлі ауруларды зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу лабораториясын ашу мәселесі сөз болды.
#Тоқаев #кездесу #бизнес #Швейцария #Ақорда