Автордың айтуынша, қазіргі капитализм – ауқаттылардың заманы. Олар байыған үстіне баюда. Соның салдарынан әлеуметтік теңсіздік өршіп, бұл құбылыс экономикалық өсімге кері әсер етіп отыр. Томас Пикетти: «Біздің бүкіл тарихымыздағы капитал теңсіздіктің тереңдеуіне негізделіп келген. Бұл тенденцияны түсіндіру оңай. Үнемі толығып жатқан байлық ғаламшардағы халықтың 1 пайызының ғана қолына жинақталуда. Бұл өз кезегінде кірістің өсіп, шығыстың азаюына алып келеді. Қаржыға қатысты ең басты түйткіл осында», – дейді. Бұл тақырыпты қаузаған мамандар 2016 жылы бүкіл халықтың 1 пайызын құрайтын дәулетті адамдардың байлығы қазіргіден де еселене түсетіндігін айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Әсіресе, Швейцарияның Давос қаласындағы Oxfam қайырымдылық ұйымы осындай болжамның негізсіз емес екендігін ескертуде. Ұйымның зерттеуіне қарағанда, қазіргі уақытта миллиардерлердің қаржысы дүниежүзіндегі байлықтың 48 пайызын құраса, ал келесі жылы бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып кетуі мүмкін. Яғни, бұл жағдай алдағы уақытта кедей адамдардың қаржы жинап, аяққа тік тұруына айтарлықтай кедергі келтіреді деген сөз. Oxfam қайырымдылық ұйымы құқық қорғау қызметінің басшысы Макс Лоусон: «Біздің болжамымызбен келісетіндер де, келіспейтіндер де көп. Үлкен пікірталас туындауы мүмкін. Бірақ біз байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздік кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ауқатты адамдар мен корпорацияларға біртіндеп салық мөлшерін көтеру керек. Олар өз дәулеттеріне сай салық төлеуі тиіс. Зерттеу барысында жер бетіндегі 1 миллиардтан астам адам күніне орта есеппен не бары 1,25 долларға ғана өмір сүріп отырғаны анықталды», ̶ дейді. Oxfam ең әуелі әлем елдерін салық төлеуден жалтарғандармен күресуге шақырады. Дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толық жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отырғандығын да жеткізген еді. «2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек». Дүниежүзілік банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде осындай мәлімдеме жасаған болатын. Халықаралық стандартқа сәйкес, күндік табысы 1,25 доллардан аспаса, ол адам кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүреді деген сөз. Әрине, байларды байлығының еселеніп артуы көбірек алаңдататыны түсінікті жайт. Олардың әлемде орын алған теңсіздікке бас қатыра қоюы да екіталай.
Кедей деп кімдерді айтамыз?
Өткен жылы Токио қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының кедейлікке арналған жылдық баяндамасы оқылған болатын. Аталмыш баяндама бойынша әлемнің 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейліктің құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл көрсеткіш бүкіл адамзаттың 14 пайызын кедейлер құрап отыр дегенді білдіреді. БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес, күніне 1 АҚШ долларына күн көретін адам кедей саналады, ал 1 доллардан аз ақшаға күнелтетін адамды пақыр кедей немесе қайыршы деп атауға тура келеді. БҰҰ-ның тағы бір дерегіне сүйенсек, аштық күніне 25000 адамның өмірмен қош айтысуына себепкер болады екен. Кедейлер қалай кедей болды? Байлар неге байыды? Бұл сауалға жауап іздеп талайлар бас қатырған. Бірақ нақты жауап әлі табылған жоқ. Табылмайтын да шығар. Жетекші мемлекеттердің қатарындағы АҚШ-тың өзінде кедейлер мен байлар арасындағы алшақтық коэффициенті 0,39 пайыздық көрсеткіш көрсеткен. Ал Испанияда мұндай көрсеткіш коэффициенті 0,34-ке жетіп, Еуроаймақта қара тізімде көшбастап тұр. Испандықтардың жалақысы соңғы жылдарда тым баяу өскендігі кедейлік пен байлықтың арасын алшақтатуға басты себепкер болып отырған көрінеді. Осы ретте, кедейлікке апаратын бірден бір жол – жаппай жұмыссыздықтың орын алуы екендігін айта кеткен жөн. Елдегі экономикалық жағдай, оның ішінде жалпы ішкі өнім жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша анықталады десек, бұл ретте, жаһанда жаппай жұмыссыздықтың орын алу деңгейі жыл сайын артып келеді. Алдағы бес жылда дүниежүзінде жұмыссыздар саны 11 миллионға өспек, ал соңғы 7 жылда жұмысқа тұра алмай жүргендердің қатары 31 миллионға артқан. Бұл көрсеткіш кедейліктің артуына белгілі бір деңгейде ықпал етуде. Бүгінде әлемде 201 миллион адам кәсіпсіз жүрсе, болашақта олардың саны 212 миллионға жетеді деген қауіп бар. БҰҰ-ның анықтауы бойынша, әлемдегі 54 елдің жағдайы 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда, күрт нашарлап кеткен..
Бәрі де байлардың мүддесі үшін
#кедей #бай #ақша #сараптама