Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарында қарызы бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға мәселені шешу тәртібін ұсынды.
Проблемалық берешекті реттеу үшін алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына тиісті өтініш берілуі тиіс. Өтініште жеке басын растайтын құжаттармен қоса, ТАӘ, ЖСН, байланыс деректері, қарыз туралы мәліметтер, мерзімін өткізіп алудың туындау себептері көрсетілуі қажет.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарыз алушылар өтініштерді жазбаша да, қашықтан да, яғни ресми интернет-ресурстар және кредитордың электрондық поштасы арқылы бере алады.
Қосымшада электрондық түрде өтініш беруге қажетті банктер мен микроқаржы ұйымдарының мекенжайлары мен байланыс деректері көрсетілген.
Өтініш пен растайтын құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдары борышкердің қаржылық және әлеуметтік жағдайын жеке тәртіппен талдайды.
Көрсетілген мерзімде қарыз алушыға банктің немесе микроқаржы ұйымының қарызды қайта құрылымдау талаптарымен келісетіні туралы хабарлама жіберіледі.
Кредитор қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келіскен жағдайда, банктер мен микроқаржы ұйымдары келесі күнтізбелік 15 күн ішінде қарызды немесе микрокредитті өтеудің жаңа кестесін қабылдай отырып, қарыз немесе микрокредит шартының талаптарына қажетті өзгерістер енгізуге міндеттеледі.
Банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуі керек.
Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік қаржы ұйымына қатысты құжаттамалық тексеру жүргізіп, соның шеңберінде кредитордың проблемалық берешекті және қарыз алушылардың құқықтарын реттеу процесіне қойылатын заңнамалық талаптарды сақтауына талдау жүргізеді.
Агенттікке азаматтар мынадай тәсілдермен жүгінулеріне болады:
-
Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы арқылы (https://egov.kz/cms/ru), «Электрондық өтініштер» сервисінде «Онлайн қызметке тапсырыс беру»-ді таңдау қажет және растайтын құжаттарды қоса бере отырып өтініш мәтінін толтырыңыз.
-
eOtinish (https://eotinish.kz/) электрондық сервисінің көмегі арқылы. Өтініш беру eGov қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, «Өтініш беру» сервисінде «Өтініш»-ті таңдаңыз және өтініш мәтінін толтырыңыз.
-
Агенттіктің мекенжайы бойынша жазбаша нысанда: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21-үй;
-
Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасына, мекенжайларын мына сілтемеге өту арқылы табуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/about/structure/185/1?lang=kk.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарының мекенжайлары мен байланыстарын мына сілтеме бойынша табуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/240748?lang=kk