Қырғызстандағы ең ірі шетелдік инвестициялық жобасы – Құмтөр кен орны бойынша халықаралық жанжал болайын деп тұр. Қырғыз билігінің шешімімен, осы жоба аясында Канадалық компаниямен жасасқан келісім-шарттардан бас тартып отыр. Олардың пікірінше, шетелдік компания салық пен экологиялық санкицялар нәтижесінде, Қырғызстанға 4 миллиард 252 миллион доллар төлеуі тиіс.
Инвесторлар болса, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады, әрі халықаралық соттарға Қырғызстан үкіметінің үстінен бірнеше шағым түсірді және "Қырғызалтынға" өз акцияларымен Centerra Gold Inc-те операциялар жүргізуге тыйым салды. Жалпы екі тарап бір-бірімен дауласып, кен орнын меншіктігін бөлісе алмай отыр.
Қырғыз тарапынан негізгі уәж – кезінде 1993-94 жж және 2004-2007 жж инвесторлармен келісімдер жүргізілгенде, ел президенттері мен басқа лауазымды тұлғалар тарапынан, қырғыздарға тиімсіз шарттарға қол қойып, жемқорлық әсерінен елеулі көлемде ақша қазынаға түспей қалды деп айтуда. Көрермендерге түсінікті болу үшін, жалпы Құмтөр кен орны жайында қосымша мәлімет келтіріп, оның ерекшелігіне тоқталсақ.
Құмтөр - Орта Азиядағы ашық әдіспен алтын табатын ең ірі кен орны болып табылады. Ол Қырғызстанның солтүстігіндегі, теңіз деңгейінен 4000 метр биіктікте орналасқан. Алғашқы болып, 1993 жылдан бастап канадалық «Centerra Gold Inc.» компаниясы кен өндіре бастады. Бастапқы кезде, 1992 жылы Centerra Gold Inc. компаниясы акциялардың тек үштен бір бөлігін алса, Қырғызстан қалған екі бөлігіне ие болған.
Бірақ бір жылдан кейін, инвесторлар билікпен шарттарды қайта қарап, канадалық компания кен орынға инвестициялар құю бастады. Нәтижесінде 2019 жылы компания активтерінің тек 26% ғана қырғыз билігінде болды. 2012 жылдан бастап Манас елінің билігі Қырғызстанға ұтымсыз мәміле жасасқандардың ішінен кінәлілерді іздей бастады да, биылдан бастап жоғары лауазымды тұлғалар тұтқындалып, істі болды. Құмтөр – Орта Азиядағы 700 тонна қоры бар, ең ірі алтын өндіретін кен орны ғана емес, сонымен қоса Қырғызстандағы ең ірі салық төлеуші мен инвестор болып келеді.
Ресми деректерге сүйенсек, ел экономикасының ЖІӨ 12,5%, ал өнеркәсіптік өндірістің 23% және елдің жалпы экспорт көлемінің 30% құрайды екен. Инвесторлардың дерегі бойынша, 2020 жылға дейін Құмтөрден Қырғызстан 4 миллиард 144 мың доллар көлемінде жалпы пайда алса, ал биліктің стастикасы бойынша шамамен 13 миллиард доллар болды дейді. Кен орында 5 мың қырғызстандық жұмыс істейді екен. "Кумтор Голд Компани" жылына 16-18 тонна шикізат өндіреді. Ал кең орны пайдаланған уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін 415 тонна алтын өндіріпті.
Енді осы табиғи байлықтың ерекшелігі мен Қырғызстан өміріндегі маңыздылығын түсініп отырсыздар ма? Қырғызстанда пандемияның екінші толқыны орын алып, экономика құлдырады және тәжіктермен шекарада болған қарулы қақтығыс әсерінен, ел президенті Садыр Жапаровтың рейтингісі біраз төмендеді десем, қателеспеймін. Ал осы кең орнын ұлттандыру саясаты шамалы болса да, ұпай алып келуі ықтимал. Бірақ экономикалық тұрғыда канадалық инвесторлармен келісім-шарттан бас тарту, одан сайын қаржылай соққыға жіберуі мүмкін. Себебі, компания жоғалтып жатқан шығындарын өтеу үшін, билікті халықаралық сотқа бермекші. Одан бөлек, осы жағдайдан кейін, елге инвесторлар келеді деген ойды ұмыту керек.
Сонда, осы кең орынға тек қытайлықтар қызығуы әбден мүмкін. Ал Қырғызстанның сыртқы қарызының 45% тек Бейжіңге тиесілі екенін ұмытпаған жөн. Демек, Қырзғыстан осы жағдайда толық Аспан асты биліктің аузына қарап отыруға мәжбүр болады да, дербестігінен айырылуы ықтимал. Қорытындылай келгенде, Садыр Жапаров үлкен тәуекелге барып, халық алдында ұпайларын жинаймын деп жүргенде, тәуелсіздігінен айырылып қалмасын.
Бірақ жауапкершілікке тарту үшін, Асқар Ақаевты елге келуін талап еткені, әрі шенге қарамастан жоғары лауазымды тұлғаларды істі болып қарап жатқаны үлкен батылдық. Бәлкім батылдықтың артында Ресей де тұрған шығар. Қалай дегенмен, өзіміздің жемқорлық ескерткіші болып саналатын, ЛРТ ісі бойынша, нағыз кінәлі жоғары лауазымды тұлғалар жауап берген жоқ.
#Құмтөр #Қырғызстан #СадырЖапаров #ҚалиӘубәкіров #Қаражәшік