Алайда мерейтой қарсаңында түйткілдер де жоқ емес. Мәселен, Абайдың туған күніне байланысты ғалымдар арасында да әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Бүгінде Абаймен иықтас һәм қабілеттес әлем ақындарының өмірдерегі бүге-шігесіне дейін зерттеліп, хатталғаны былай тұрсын, қай өлеңі қашан, қандай оқиғада жазылғаны анықталып, көз алдымызда тұр. Оқимын десеңіз, мархабат. Өкпені толтырып тұрғаны, хакімнің туған күні жайындағы көкпарға түскен таластар Абайдың 174 жылдығында да толастар емес. О бастан көз үйренген дата болған соң ба, әйтеу 10 тамыздан 23-іне жете алмай, алты қарағайдың арасында адасып әлі жүрміз. Басы ашық мәселені тезірек бір ізге түсіру мақсатында 8 тамыз күні «Руханият алаңы» пікірталас клубы Достық үйінде «Абайтану мәселесі: туған күні жөніндегі деректер» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Алқалы жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері екі датаға бөлек-бөлек тоқталып, екіұшты пікірді нақтылады. Дерек пен дәйекке сүйенген сөз алушылар тереңнен қозғап, түрлі уәж айтып, тоқтамға келген датаның мемлекеттік тұрғыда ескерілуін талап етті.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері: – Ұлы Абайдың туған күні дегенде ең алдымен хакімнің көзін көрген, оның қасында талай жыл жүрген Әрхам Кәкітайұлының естелігіне жүгінеміз. Сонда ол ойшылдың дүниеге келген күні ретінде 10 тамызды көрсетеді. Бұл датаның жанына «ескіше» деген сөзді де қосып жібереді. Осы бір ғана сөзге бола жұрт шатаса бастайды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында, одан соң Қазақстан энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша – 10 тамыз делінген. Мұны өте дұрыс дерек деп есептеймін. Екіншіден, Жидебайдағы Оспанның төрт құлақты зиратын Абай өз қолымен салдырған. Бұл зират өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін болды. Соның басына жүрек секілді малтатас қойылған. Онда Оспанның туған күні мен қайтыс болған күнін пышақтың ұшымен Абай өзі қашап жазған. Осыдан-ақ оның мұндай мәселеге қатты мән бергені байқалады. Бұл малтатас қазір Абай музейінде тұрған болуы керек. Оспан шыжыған шілде айында өмірден өткен. Сол себептен Абай оның сүйегін Ақшоқыға жеткізе алмай, Жидебайға жерлеген. Кейіннен інісінің қасына өзі дамыл тапқан. Мұхтар Әуезов 1940 жылы Алматыда Абайға құлпытас жасатты. Мұны Абайдың 100 жылдығынан біраз жыл өткеннен кейін әкеліп, басына қойдырған. Құлпытасқа «Абай 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жаздырған. Сондықтан Абайдың туған күнін енді көкпарға айналдырмай, осы датаға тоқтауымыз керек. Қазірге дейін, 100, 125, 140, 150 жылдықтары 10 тамызда тойланды. Оны 23 тамызға жылжытқаннан ешқандай пайда таппаймыз.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, абайтанушы: – Абайдың туған күні ретінде 10 тамыз деген дата халық санасына сіңіп қалған. Әрхам «ескіше 10 тамыз күні дүниеге келді» дейді. Ал Әрхамның әкесі Кәкітай Абайдың өмірдерегін тұлғаның өзінің тапсырмасымен жазады. Сонда «Абай жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген деректі айтқан. Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыздың соңы. Өзім кезінде мына жайтқа куә болдым: 1992 жылы Абайдың 150 жылдығы әлемдік деңгейде тойлануға бекітілген кезде ЮНЕСКО көлемінде мерейтойды қай күні атап өтеміз деген мәселе туындады. Өйткені бұған дейін ғалымдар Әрхамның дерегіне сүйеніп, хакімнің туған күні 23 тамызда деп айтып, жазып жүрді. Қайым Мұхамедхановтың Абайдың дүниеге келген күні жайлы зерттеу мақалалары бар. Бірақ 10 тамыз бен 23 тамыз таразы басына түскенде, «той кезінде 10 тамызда өтіп еді, бұл да бір тарихи күн» деген тоқтам жасалды. Ал енді Кәкітайдың дерегінен басқа қандай дерек керек? Сондықтан 23 тамызға тоқтауымыз керек деп есептеймін. Осы күнді ресми түрде құжат жүзінде бекітіп алуымыз қажет. Ербол ТІЛЕШОВ, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры: – Әрхамның естелігінен басқа қолымызда дерек жоқ. Әрхамға сенбейтін қандай хақымыз бар?! Ол – жай кездейсоқ адам емес, Кәкітайдың баласы. Ал Кәкітай – Абайдың өмірбаянын жеткізген, шығармасын жинаған адамдардың бірі. Осы істің басында Кәкітай мен Тұрағұл тұр. Энциклопедия деген Құран ба екен? Қазақстан энциклопедиясынан қаптаған қате табуға болады. Бұл энциклопедияны әрі-беріден соң қайта бастырып шығару керек. Әрхам бертінге дейін өмір сүрген, 1885 жылы туып, 1963 жылы қайтыс болған. «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы, ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Атын арабша Ибраһим деп қояды», деп жазған Әрхам өзінің естелігінде. Енді осыдан артық қандай дерек керек?! Ескіше деп жазып тұр. Егер «ескіше» деген анықтауыш болмаса, біз бұл мәселені көтермес едік. 1918 жылы 26 қаңтарда Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.Лениннің қол қоюымен, әлеммен бірдей болуы үшін жаңа күнтізбе енгізілді. Онда 31 қаңтардан кейін 1 ақпан болмай, 14 ақпан болады деп жазылған. Яғни, күнтізбе 13 күнге жылжытылды. Мәселен, Мұхтар Әуезов өзі жайлы мәліметінде «мен 15 сентябрь күні тудым» деп жазады. Кейіннен өз қолымен 28 қыркүйекке ауыстырып жібереді. Ол Абайдың туған күнін неге өзгертпеді? Өйткені Абайдың өмірдерегін емес, шығармашылығын зерттеді. Оның көркем бейнесін жасады. Абайтанудың бүкіл жыртығын жамауға Әуезовтің өмірі жетпейтін еді. Ол Әрхамды білді. Абай ұрпақтарының Алашордамен байланысы болды. Жазушының өзі бұл партия қатарында болғанын білесіздер. Кейіннен Әлімхан Ермеков екеуі хат жазып, Кеңес өкіметін мойындады. Егер Әрхамның дерегін алса, өз басына қатер төнер еді. Ол да пенде ғой. Семейде қазір Абайдың туған күнін 23 тамызда атап өтеді. Оразкүл Асанғазы астанаға Тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып келгенде біз де бас қалада 23 тамызда атап өтетін болдық. Төкен Ибрагимов тірі кезінде осы шараға қатысатын. Осы кісі Абайдың туған күні 23 тамызда екенін дәлелдеген. Сондықтан осы датаны алуымыз керек. Абайдың 175 жылдығы бізге Абайды тануға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан той тойлауды ғана емес, Абайды тануды Абай арқылы қолға алайық.
Омар ЖӘЛЕЛ, абайтанушы: – Біз Абылай ханның туған күнін білмейміз, өйткені заман басқа болды. Ал Абай өмір сүрген уақыт ғылымның заманы. Сондықтан бұлтартпайтын дәлел қылып Әрхам естелігін алға тартып, 23 тамызды бекіту керек. Қазір нақтылап алмасақ, бұл бізді ең басты мәселелерден алыстатады. Бүгінде абайтанудың жағдайы неге мүшкіл? Біріншіден, Абай күнтізбелік тұлғаға айналды. Мерейтой қарсаңында ғана еске аламыз, қалған уақытта керегі жоқ. Ал халықтың ақынмен бетпе-бет келуіне әлі біраз уақыт бар деп ойлаймын. Екіншіден, біз Абайды науқандық тұлға қылдық. Мысалы, Ресей Пушкинді идеологиялық тұлғаға айналдырып, оның қадірін кетірді. Біз қазір Абайға надандық көзқараспен келіп отырмыз. Абайды әлемдік тұлғаға айналдыру біздің мақсатымыз емес. Біздікі – Абайды тану. Бұл өзіміз үшін, әрі-беріден соң қазақтың тағдыры үшін керек. Қазір қазақтың тағдыры неге қыл үстінде тұр? Неге ана тіліміздің мәртебесін сақтай алмай отырмыз? Себебі Абаймен әлі кездескен жоқпыз. Оны хакім ретінде танымай отырмыз. Біз ақынның хакімдігін танытатын бірде-бір дүниесін ашқан жоқпыз. Абайды ғылыми зерттеу жылын жариялайтын уақыт болған жоқ па?..
P.S.: «Руханият» мекемесі осы тамыз айында Абай фестивалін өткізбекші. Бұдан бөлек ғылыми экспедиция, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби шаралар ұйымдастыру жоспарларында бар екен. Ақын мерейтойы қарсаңында өткізген аталған дөңгелек үстел абайтануға қозғау салып жатса, қанеки. 23 тамыз – хакім Абайдың туған күні болып ресми түрде бекітіліп, оқулықтарға енгізілсе, құба-құп.
#абайқұнанбаев #175жыл #мерейтой #юнеско