Нартай Дүтбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім 18 маусымда күшіне енген.
"Іс жүзінде ол жазасының жартысынан көбін өтеген. Сондықтан ол жазасының жартысынан көбін өтегендіктен мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы екінші рет өтініш берді. Сот осы қайта есептеуді, сондай-ақ, оның 64 жасқа толғанын ескеріп, мерзімінен бұрын шартты түрде босатты. Ол кеше күшіне енді, Дүтбаев кеше босатылды", - деді Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Елдос Жұмақсанов.
Нартай Дүтбаев 2017 жылдың қыркүйегінде сотталған. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы мемлекеттік құпияны жария еткені, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Ол жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылған, сондай-ақ, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған.
2018 жылдың ақпанында оның жазасы 12 жылға ұзартылған. Дүтбаев билігін асыра пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп немесе ысырап еткені үшін, сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылған.