"Полигон қаланың сыртында орналасқан. Айналасында жақын жатқан елдімекендер жоқ. Ол барлық қауіпсіздік ережелері бойынша қаладан оқшауланып тұр", - деп атап өтті Молдағасымова.
Айтуынша, штаб жерлеу тәртібін бекіткен. Қайтыс болған жағдайда коронавирус жұқтырған адамның денесі ашылмайды және кремацияланбайды. Денесі дереу залалсыздандырылады.
"Аса қауіпті инфекциядан көз жұму кезіндегі барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қолданылады. Аталған ережелер бұған дейін де болған", - деді ол.
Аса қауіпті ауру диагнозы расталған жағдайда карантиндік инфекциялар, күйдіргі және контагиозды вирусты геморрагиялық қызбалардан қайтыс болғандардың мәйіті туыстарына берілмейді. Бұл аса қауіпті жұқпалы ауруларға қатысты санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастыру талаптарында қарастырылған.
Көму кезінде ұзындығы - 2 метр, ені - 1 метр, тереңдігі - 2 метр қабірдің түбіне қалыңдығы 10 сантиметр дезинфекциялық құрал қабаты себіледі. Қабірге түсірілген табытқа да 10-15 сантиметр дезинфекциялық құралдың құйылады. Содан кейін қабірді көміп тастайды. Жерлеу аяқталғаннан кейін құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік залалсыздандырылады.