Желіде Шу қаласының вокзалында коронавирус жұқтырды деген күдікпен пойыздың тоқтатылғаны туралы мәліметтер тараған. WhatsApp мессенджері арқылы куәгерлер оқиға орнында түсірілген суреттерді таратқан, онда дәрігерлер арнайы костюмдер киіп, пойызға қарай жүгірген.
Шу қалалық орталық аудандық ауруханасының бас дәрігерінің мәліметінше, 29 қаңтарда Сарыағаш - Нұр-Сұлтан бағытында жүретін № 86 пойыздан түсірілген Қытай азаматтарынан ешқандай вирус белгілері анықталмаған. Сонымен қатар, арнай жасақ өкілдері пойыз жолаушыларын қарап шыққан, ешкімнен коронавирус анықталмаған.
"Түшкірді деп күдік келтірген қытай азаматтары аудандық жұқпалы аурухана бөліміне жеткізілді. Азаматтарды тексеру нәтижесінде вирус белгілерінің жоқ екендігі анықталып отыр. Облыстық деңгейдегі эпидемиологтардың нәтижесі белгілі болғанша жағдай бақылауда болады. Ауданымызда қауіпті індеттің алдын алу үшін арнайы жабдықталған жедел жәрдем жұмыс жасайтындығын ескертеміз. Аудан тұрғындарының дүрлікпеуін сұраймыз", - делінген хабарламада.