"Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының кезекті форумын өткізудеміз. Бұл жиын Нұр-Сұлтан қаласы "Жаңғыру жолы" қозғалысының ұйымдастыруымен өтуде. Сондықтан қала әкімдігіне, қалалық "Жаңғыру жолы" белсенділеріне осындай жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Мен бұл іс-шара қызықты және тиімді болатынына, жастардың ұсыныстары болашақта іске асырылатынына сенімдімін", - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.
Осы орайда ол жастар қозғалысы ұйымдастырған жұмыстарға жеке тоқталды.
"2019 жыл - Жастар жылы. Осы бағытта ауқымды жұмыстар іске асырылды. "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы жол картасын жүзеге асыру аяқталып келеді. Жыл бойында аталған қозғалыс 5 мыңнан астам адамды қамти отырып, 29 жобаның ұйымдастырушысы болды. Өңірлік деңгейде 200 мыңға тарта жастарды қамтып, 2 400 шамасында шаралар өткізілді", - деді Ж. Түймебаев.