Денис Тен өткен жылы 19 шілдеде 25 жасында қайтыс болды. Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы мейрамханадан шыққан кезде екі жігіттің көлігінің айнасын ұрлап жатқанын байқады. Оларды тоқтатпақ болған кезде жамбасынан жарақаттанды.
Ол №12 қалалық орталық клиникалық ауруханаға 15:23-де жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады. Үш литр қан жоғалтқан Денис Тен 17:30-да қайтыс болды.
Сочи олимпиадасының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Марқұм Достық кентінде жерленді.
Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуға Үкімет мүшелері, спорт, кино, театр жұлдыздары мен жақын
достары және қарапайым халық келді. Жүздеген адамдар халық мақтанышымен қимай қоштасты. Спортшыны тірі кезінде өзі жазған әнімен шығарып салды.
Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Алматы полициясы Денис Теннің өліміне қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Үшінші күдікті - Жанар Толыбаева да қамауға алынды.
25 желтоқсанда Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өткен болатын.
Оксана Теннің құқығын қорғаушы Нұрлан Өстеміров Денисті біреулер тапсырыспен өлтіруі мүмкін деген оймен істі қайта тергеуге жіберуді сұраған болатын. Судья сот залынан тыс кеңесу бөлмесінде кеңесуден соң істі прокуратураға қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ деп шешті. Сонымен қатар, жәбірленуші тарап Денистің ұрылармен жаға жыртысып жатқанын екі полицей көргенін айтты. Сотталушы Жанар Толыбаева өзінің жүктіліктің 6,5 айлығында екенін мəлімдеген болатын.
Биылғы 17 қаңтарда Денис Теннің өлімі бойынша айыптыларға сот үкімі шықты. Судья Арман Құдайбергеновті 18 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге үкім етті. Екінші күдікті Нұралы Қиясов та 18 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар, ҚР ҚК 434-бабымен айыпталған Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды.