Атап айтқанда, ақысыз негізде қан немесе оның құрамдас бөліктерін өткізген донорға берілетін ақысыз тағамның ақшалай эквивалентінің көлемі ұлғайтылады.
Енді бұл тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленгендей, 1,5 айлық есептік көрсеткіште болады. Биыл бұл өтемақы мөлшері 4 375 теңгені құрайды.
Бұған дейін қан мен оның компоненттерін бергені үшін өтемақы қанның түрі мен көлеміне қарамастан тек 0,25 АЕК-ті, яғни 729 теңгені құрады.
Құжатта атап көрсетілгендей, өтемақының төмендігі (0,25 АЕК) - қан берушілердің әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін, беделін түсіретін маңызды фактор. Сонымен қатар, ерікті донорлардың жетіспеушілігінен туындаған донорлық үгіт-насихаттың күшеюі қазақстандық қоғамда теріс сипатқа ие болып келеді. Осыған байланысты соңғы 5 жылда тіркелген донорлардың статистикасы 30%-ға төмендеді.
Салыстырмалы түрде алсақ, Ресейде өтеусіз донорға берілетін ақшалай өтемақы шамамен 1200 рубльді ≈ 6800 теңгені құрайды, Беларусьте 31,55 беларусь рублі , яғни 5 045 теңге қарастырылған, Германияда донорларға жалпы қажеттілік университеттік клиникаларда қанағаттандырылады, ол арада бір қайырымдылық акциясына қатысып, тегін тамақтан бөлек 40 евроға дейін ≈ 20 200 теңге өтемақы аласыз.
"Қазақ тамақтану академиясы" ЖШС ұсыныстарына сәйкес, донор қан өткізген күні белгіленген азық-түлік рационын тұтынуы тиіс, оның жиынтығы шамамен 4790 ккал немесе ақшалай эквивалентте - 1,5 АЕК-ті құрайды.
Құжат жобасы 20 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылды.