Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық мәслихаттың 7-сессиясында коронавирусқа қатысты жағдайды тұрақты бақылап отырғанымызбен, әлі де күрделі деді. Облыс қазір "қызыл" аймақта тұр. Короновирус инфекциясын жұқтырғандардың 41%-ы Семейде, 34%-ы Өскеменде тіркелген. Риддер, Глубокое және Ұлан аудандарында ковидпен ауырғандардың саны өсіп барады.
Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту үшін демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданды.
"Барлық тамақтану орындарының жұмысы қатаң бақылауда болады. Бизнеске жасалған жеңілдік шектеулер мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамау дегенді білдірмейді. Сондықтан, кәсіпкерлер де өз нысандарын қадағалаулары керек", - деп атап өтті Д.Ахметов.
Сондай-ақ, ол вакцина егу қарқыны бойынша облыс жақсы нәтиже көрсетіп отырғанын айтты. Вакцинаның екі компонентін де 325 мыңнан астам адам алған. Айта кету керек, ШҚО-да күніне 13 мың адамға вакцина салынады.
"Облыста 39 инфекциялық стационар жұмыс істейді, сондай-ақ біз тағы 8 100 төсек-орынды әзірлеуге дайынбыз. Республика бойынша әзірге жұмыс жүктемесі ең төмен біздің емханалар, бірақ босаңсуға болмайды", - деді облыс әкімі.