2021 жылдың 12 ақпанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан («Отбасы Банкі» ТҚЖБ» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 115 608 өтініш түсті. Жалпы сомасы 408,1 млрд теңгеден асатын 75 186 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,4 млн теңгеден асатын соманы құрады. 15,5 млрд теңге сомаға 2 888 өтініш уәкілетті операторларда ашылған арнайы шоттарға кейіннен төлемдер жасау үшін өңделуде. 25 қаңтардан бастап (БЖЗҚ уәкілетті оператордан өтініш қабылдай бастаған күн) 37 534 өтініш заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады. Өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себебі өтініште көрсетілген сұратылып отырған соманың зейнетақы жинақтарының алуға қолжетімді сомадан асып кетуі болып табылады. Өтініштерді қабылдамау себептері мен оларды жою бойынша ұсынымдар туралы бұған дейін хабарлады. Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі. 23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды. Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді.
#зейнетақы #салық #экономика