Соңғы бірнеше жыл бойы жанар-жағар май бекеттеріндегі баға тұрақты. Бірақ сиыр жылынан бастап бензин қымбаттайды деген сыбыс тағы шықты. Елдің бас энергетигі оның құны Ресеймен теңестінін айтып қалды.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:
Алдағы жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасын реттеу туралы келісім күшіне енеді. Осыған сай одаққа мүше барлық елдерде ортақ баға орнатылады. Бұл осы ұйым аясында өз мойнымызға алған міндеттемеміз.
Ресейде сұранысқа ие АИ-92 бензинінің құны шамамен 230-240 теңге. Бізде 150 теңгенің айналасы. Айырмашылық 80-90 теңге.
Баға бірден өзгермейді. Экономикалық одақ келісімі бойынша, бұл процесс 2024 жылға дейін жалғасады. Мамандар мұнайлы елде бензиннің қымбаттылығына үш себепті атайды. Бірінішісі – біздегі үш алып мұнай кенішін 49 жылға жалға алып отырған компаниялардың бәрі өнімді Еуропаға жөнелтеді. Ал шикізат Ресей құбырлары арқылы тасымалданады. Көрші елге тәуелділіктің бір ұшы осында жатыр. Дегенмен, оларды айналып өтетін балама мүмкіндіктер де жоқ емес екен.
Рашид Жақсылықов, Мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Нарықты шығысқа қарай бұру керек, негізгі шикі мұнайды тұтынатын Қытай мен Индияға бет тұру керек. Ол үшін құбырын шығысқа күшейту керек. Қазіргі таңда Бейнеу – Алашонькоу құбыры 20 миллион тонна мұнай айдауға жетеді. Оны ұлғайту керек Индияға жету үшін мұхитқа жол іздеу керек, ол үшін Қытайдың портын жалға аламыз ба, шикі мұнайды тасымалдау үшін амал жоқ Ресейдің бізге ұсынып отырған экономикалық жолымен емес, өзіміздің дербес тәуелді емес жолымызды қаратастыруымыз керек.
Алайда бұл нұсқа біздің мұнайды игеріп жатқан инвесторларға тиімсіз. Олардың бағдары Еуропа. Шикізат өңдейтін зауыттары да, дайын өнімді қымбатқа алатын нарық та сонда. Жуырда ғана елдегі үш мұнай өңдейтін зауытты жөндеуден өткізген инвесторлар енді жаратқан ақшасын кері қайтарып жатыр. Бензин бағасының арзандамауына тағы бір себеп осы. Өнімді зауыттан жанармай бекетіне дейін жеткізуші делдалдардың да бұл нарықтағы үлесі бағаны байлап тұр.
Рашид Жақсылықов, Мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Өнген өнімді еш делдалсыз, бір жүйгеге келтірсе шынында да халқықа тиімді болар еді. Бұл іске асатын жұмыс. Бірақ ортадағы делдалдардың артында кім тұр? Кімге пайда әкеп отыр? Ол үлкен сұрақ, әрине.
Қазақстанның ішкі нарықтағы сұранысы жылына 17 миллион тонна шикі мұнай. Үкімет оның баррелін біздің инвесторлардан 25 доллардан сатып алады. Бұл кәсіпкер үшін тиімсіз, өйткені нарықтағы баға қазір 48 доллар көлемінде. Тапшылық туындап отыр. Жылына 80 млн тонна мұнай өндіретін, 3 зауыты бар мемлекет үшін бензиннің біразын Ресейден импорттауы – парадокс.
2030 жылдан бастап Жапония бензинмен жүретін автомобильдерді шығаруды доғарады. Әлемдегі көлік біткенннің 35 пайыз күншығыс елінің үлесінде екенін ескерсек, мұнайға деген сұраныс кемиді деген сөз. Сондықтан 20-30 жылда Үкімет ақша табудың басқа да көздерін тауып, экономиканы әртараптандыратын уақыт келді деп санайды, саланы білетін мамандар.
#бензин #баға #құны #өсім #қазақстан #қымбатшылық