USD 448.89
EUR 477.93
RUB 4.76
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Қонаевтың ескерткішіне 12 млн теңге жұмсалыпты

  • 22.қазан.2020, 12:01,
  • 376

Қонаевтың Бақанастағы ескерткішіне 12 млн теңге кетті. Тек мүсіншіге 8 миллион теңге төленген екен.

Еске салайық, күні кеше аталған ескерткіштің фотосуреті әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. Балқаш ауданының әкімдігі облыс әкімдігіне және Мәдениет министрлігіне ескерткішті орнату үшін өтінішті 15 қазанда жолдаған екен. Алайда, оның жауабы келгенше демеушілер Д.Қонаев саябағына нысанды өздері орнатқан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жұрттың ашуымен қатар күлкісін тудырған ескерткіштің авторы – Алтай Бейсенов. Ол гранит нысанды 2,5 айда қашап шыққанын айтады. Уақыт тығыз болғандықтан осындай кем-кетік кетті деп өзі мойындап отыр.


"Уақыт тығыз болды. Демеушілер маған жылдамдат деді. Халықтың кешегі наразылығын түсінемін. Цехта тұрғанда білінбеген еді, тым ұзарып кетіпті. Портреті келгенімен, иығы тым үлкен. Қонаевтың қарапайымдылығын, халыққа жақындығын көрсеткім келді. Трибунаның жанында тұр. Трибунаға Қонаевтың тұрғызған қалаларын, Алматыда салғызған ғимараттарын бейнеледік. Басын төмен қараттым, халықпен амандасып тұрған секілді. Әу баста ескерткішті жазда ашқымыз келгенімен, үлгермедік. 25 қазанға белгілеп едік, оған жағдай мынадай болды. Жалпы, біздің елімізде мүсін жасау айтарлықтай дамымаған, мына кемшілік соның бір дәлелі. Бар кемшілікті 15 күн ішінде жөндеймін", - деді Алтай Бейсенов.


Бақанас ауылына ескерткіш орнатуға қажетті қаржы "Д.Қонаевтың 100 жылдығы" және "Сауап" қорлары арқылы бөлінген. Д.Қонаев атындағы саябақ 2012 жылы ашылғанымен, тұлғаға ескірткіш тұрғызудың сәті 8 жылдан бері түспеген. Биыл ғана қолға алған алып мүсінге қордан 12 млн теңге бөлініпті. Оның 8 миллион теңгесі мүсінші Алтай Бейсеновке төленген. Ақшаны үнемдегісі келді ме, әлде басқа себебі бар ма, мүсінші жанына не дизайнер, не архитектор сынды қажетті мамандарды алмаған.


"Биыл ғана демеушілер табылып, істі бастадық. Дәулет Әбенов деген жігіт ұйымдастырды. Дәл қазір ескерткішті осы қалпында ашуға болмайды, бұл ұрпаққа қалатын дүние болғандықтан, дұрыстап қайта жасау керек", - дейді "Д.Қонаевтың 100 жылдығы" қоғамдық қорының төрағасы Рахым Нарбаев.


Граниттен жасалған мүсіннің салмағы – 34 тонна. Биіктігі – 7,5 метр. Қос қапталындағы тастардың біріне демеушілердің аты қашалса, екіншісіне Қонаевтың қанатты сөздері жазылыпты. Алматы облысы әкімдігінен шыққан тексеруші топтың мәліметінше, ескерткіш тұрғызуға рұқсат әлі берілмеген. Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік сараптамалық комиссия да бұл өтінішті қарамаған. Аудан әкімдігі берген ұсыныс құжаттарының ішіндегі ескерткіштің макеті мен саябақтағы мүсін бір-біріне сәйкес келмейді. Тұлғаның бойында пропорция сақталмаған. Сөйте тұра Балқаш ауданының әкімінен бастап жауапты тұлғалар рұқсаты жоқ ескерткіштің саябақта тұрғызылуына жол беріп, еш әрекетсіз қарап отырған. Тексерушілер мен журналистер тобы аудан әкімін де, оның орынбасарларын да не жұмыс орнынан, не Бақанас ауылынан таппады.


"Ескерткішті орнату үшін мемлекеттік комиссияның рұқсаты қажет. Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы бойынша алдымен ескерткіштің құжаттары облыстық комиссияның талқылауынан өтеді. Рұқсатты министрлік береді. Орнатылып кеткен ескерткіш пен бізге келген құжаттың модульдік жобасы сәйкес емес. Ескерткіштің эскизі мен мүсінде сәйкессіздік өте көп. Көркемдік жағынан алғанда пропорция сақталмаған. Тұлғаның бойы, кеудесі, басы мен аяғын қарасақ, өзара пропорция сақталмаған. Портреттік бейнелеуде түрі ұқсағанымен, басы тым кішкентай. Қол саусақтары да модельдік құжатпен сәйкес емес. Бұл мүсіншінің қателігі. Талапқа сәйкес келмейтін басқа да тұсы көп, мысалы мүсіннің қос қапталында тұрған гранит тастарда адамдардың аты-жөні жазылған. Сүйеніп тұрған трибунада ғимараттар, артық суреттер салынған. Бізге өткізген эскиздік жобада бұл элементтердің бірі де көрсетілмеген. Жергілікті әкімдіктің кемшілігі – істі бақылай алмағаны. Әкімдік пен демеуші, мүсінші мен ауданның архитекторлары, мәдениет бөлімінің басшылары, мамандар тығыз жұмыс жасаулары керек еді", - деді Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева.


Сынға қалған саябақтағы мүсінді автор орнынан жылжытпай-ақ екі аптаның ішінде реттеймін деп сендірді. Алайда, құрамында "Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы" КММ директоры, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің өкілі, Көркем өнер галереясының директоры, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы бар комиссия мүсіннің жұмысын толық тоқтатып тастады. Эскизбен сәйкес болған соң аудан әкімдігі облысқа қайта құжат жинап, қорғауы тиіс. Дүйім елге мазақ болған ескерткішті тұрғызу туралы облысқа ұсынысты аудан әкімі бергенімен, қателіктер үшін комиссияға түсініктемелерді бөлім басшылары берді.




#қонаев #ескерткіш #қаржы #қаражат 

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
30.09.2020
03.04.2020
12.07.2019
08.06.2019
08.06.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Сәуір 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930