"eGov порталына азаматтар несие борышы жағынан өз мәртебесін анықтай алатын қызмет енгізілген болатын. Яғни, кез келген азамат Президенттің борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлығына сай келе ме, жоқ па – сол жерден анықтай алады. Азамат өзінің электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы кіріп, порталда авторизация жасап, ЖСН нөмірін енгізіп жауап алуға болады. Артынша, аталмыш сервисті жетілдіріп, кері байланысқа шығу мүмкіндігін қарастырмақпыз. Себебі, қазіргі таңда азаматтардан өз мәртебесін анықтай алмау бойынша сұрақтар жиі түсіп жатыр. Мұндай жағдайда біз оларға тізімнің әлі толық бекітілмегенін айтамыз. Егер азамат борышы жеңілдейтін санатқа жататынын дәлелдей алса, тізім толықтырылады", - деді Светлана Жақыпова азаматтардың борыш жүктемесін азайту мәселесі қозғалған Үкіметтің баспасөз орталығындағы жиында.