Грузия ІІМ өкілдері Зугдиди қаласындағы банк филиалында кепілге алынған 43 адам арнайы операция барысында босатылғанын және тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Ведомство арнайы операция қазір қандай кезеңде екенін және өзге де мән-жайын нақтыламай отыр.
"Оқиға орнында арнайы жедел және тергеу іс-шаралары аяқталған жоқ және белсенді жүргізіліп жатыр. Операцияны жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін расталмаған ақпаратты таратудан тағы да бас тартуға шақырамыз. Бұл кезеңде басқыншылар кепілге алған 43 адам босатылып, полиция оларды қауіпсіз аумаққа көшірді. Оқиға орнында тергеу шаралары жалғасып жатыр", - делінген ІІМ хабарламасында.
Сәрсенбіде пулеметпен және гранатамен қаруланған басқыншы Грузияның Зугдиди қаласындағы банк филиалының ғимаратына басып кіріп, 500 мың доллар талап еткен. Арнайы операция бірнеше сағатқа созылды. Кешке қарай телекомпаниялар арнайы операцияның аяқталғанын және кепілге алынғандардың бәрі дерлік босатылғанын хабарлады.
Қылмыскер әлі ұсталған жоқ. Көп ұзамай оқиғаның видеокадрлары жарияланды, онда кепілге алған басқыншы ғимараттан шығып, полиция көлігіне отырғаны көрінеді. Ол төрт адаммен бірге банктен қашып кетті. Ол олардың үшеуін тірі қалқан ретінде қолданған - қолы байланған ер адамдар оның артынан жүріп отырған. Тағы бір ер адамның қолы байлаулы емес еді: ол қылмыскердің соңынан еріп, қолында кішкентай сөмке алып жүрді.
Басқыншының өзі қолын жоғары көтеріп жүрді - ол граната ұстаған. Осы сәттің видеосын грузин телеарналары жариялады.
Тәртіп сақшылары оған талап еткен ақшасын бергені белгілі. Кейбір БАҚ қылмыскер тікұшаққа бет алды деп болжап отыр, бұл да оның талабы болған.
#грузия #қарақшылық #ұрлық #банк #қылмыс