ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан елшісі Виктор Темирбаев өзінің құттықтау сөзінде Еуропаның әйгілі ақыны Адам Мицкевичтің құрметіне аталған кітапханада Абай атындағы оқу залының ашылуының символизмін атап өтті. Себебі Абай Құнанбайұлы, сарапшылардың пікірінше, әйгілі Вильнюс тұрғының шығармаларын ана тіліне аударған алғашқы шығыс ақыны болды. Қазақстандық дипломат еуропалық мәдениетке баулу, реформатор Абай Құнанбайұлының ұмтылыстарының бірі болғанын және ол қазақ халқын Шиллер, Гете, Пушкин және Байронның еңбектерімен алғашқылардың бірі болып таныстырғанын атап өтті.
Іс-шара аясында Литвадағы ең үздік опера әншілерінің бірі Раймонда Янутенайте және белгілі концертмейстер Нийоле Баранаускайте Абайдың "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық ай" және "Айттым сәлем, Қаламқас" сияқты танымал әндерін орындады. Рәсімге қатысушылар бұл залды тек Литвада ғана емес, бүкіл Балтық өңіріндегі қазақ мәдениетінің "ошағы" болады деп атады. Өйткені Абайдың оқу залын ашуға дайындық барысында Вильнюс кітапханасы мен Қазақстандағы ең көне кітапхана – Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Сонымен қатар оқу залында осы жылдың соңына дейін елшілік "Жара" (Žara) баспасымен бірлесіп, Литва тілінде жарық көрген Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясын және Әнуар Әлімжановтың "Ұстаздың оралуы" романының тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залында оқушыларға, студенттерге, сарапшыларға және кез келген оқырманға Қазақстан өмірінің барлық саласымен танысуға көмектесетін әдебиеттер мен басқа да материалдар ұсынылған. Оның ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, оның дәстүрлері, табиғаты мен өнері, сондай-ақ саясаты мен экономикасы бар. Бұл топтама тұрақты негізде толықтырылып, кеңейтілетін болады.
Адам Мицкевич атындағы Вильнюс округінің қоғамдық кітапханасы Литва астанасының дәл орталығында, бұрынғы Зенкович – Тишкевич әулетінің сарайында орналасқан, оның тарихы XV-XVI ғасырлардан бастау алады. 1950 жылы негізі қаланған кітапхана әлемнің көптеген тілдерінде, ғылымның түрлі салаларынан, кітаптар, мерзімді басылымдар, музыка, картографиялық құжаттар, фильмдер, ноталар мен көркем әдебиеттерден 500 мыңға жуық құжатты сақтайды. Жыл сайын оны 200 мыңға жуық келуші тамашалайды және оларға шамамен 400 мың дана басылым беріледі.
#литва #вильнюс #мицкевия #абай