Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, коронавирусқа қарсы бірнеше айға созылған карантиннен кейін балалар дереу мектептерге оралуға тиіс. Бірақ, Құрама Штаттардың бір бөлігінде эпидемия әлі өршіп тұр. Ал, Оңтүстік Кореядан бастап, Франция, Испания, Ұлыбританияға дейінгі аралықтағы талай елде Covid-19 пандемиясы тағы күш алып, дәрігерлер қауымы қайта алаңдай бастады. Әлем мемлекеттерінің үкіметтері жаңа оқу жылын бастау үшін түрлі стратегиялар қабылдап жатыр. Сол стратегиялар вирустың қаншалықты кең тарауына, денсаулық сақтау жүйесінің бүгінгі ахуалына байланысты. Кейбір елдер пандемия кезінде мектептерді қалай қайта ашайын деп жатыр?
Құрама Штаттар
АҚШ-та оқу саласы штаттар мен жергілікті округтердің жауапкершілігінде. Президент Дональд Трамп пен оның білім министрі мектептерді қайта ашуға шақырып отыр. Алайда, оқушыларды, әсіресе, коронавирус эпидемиясы қатты өршіген жерлерде сыныптарға қайтару мәселесі үлкен дау тудырып отыр. Сондықтан, Америкада қазір мектептерді қайта ашу жоспары әртүрлі. Жазда «ковид» жұқтыру оқиғалары тағы көбейгендіктен, ірі қалалық округтердің басым бөлігі жаңа оқу жылын қашықтықтан бастайын деп отыр. Ал, өзге бір аудандарда сабақтың жартысын болса да мектептерде өткізу ұйғарылса, ендігі бір білім ордалары тұтастай карантинге жабылған.
Африка
«Қара құрлықтың» алты елінде ғана мектептер толық ашылды. Солардың ішінде Оңтүстік Африка Республикасы бар. Мұнда балалар сыныптарға осы аптада орала бастады. Жергілікті үкімет мектептерді бұған дейін бір мәрте ашқанда вирус қайта өршіп, оларды тағы жабуға тура келген еді. Дегенмен, ел үкіметі мектептердің қайта ашылуын қаламайтын ата-аналарға балаларын үйде оқытуға рұқсат берді. Ал, Кенияда мектептер 2020 жылдың соңына дейін жабылды. Уганда үкіметі болса, шалғайдағы елді мекендердің оқушылары қашықтықтан білім алуы үшін оларға радиоқабылдағыш сатып алып беріп жатыр.
Жапония
Жапонияда мектептер дүйсенбі күні ашылды. Күн Шығыс елінде де пандемияға байланысты былтырғы оқу жылын әдеттегіден ерте аяқтауға тура келген еді. Токиодағы бастауыш мектептердің бірі сабақтардың басталу салтанатын жылдағыдай спортзалда емес, сыныптарда өткізді. Сондағы мақсаты – бір жерге көптеп жиналмай, әлеуметтік алшақтықты сақтау еді.
Қытай
Қытайдағы 208 миллион оқушының 75 пайыздайы сыныптарға өткен айда оралған. Қалғандары мектепке қыркүйектің 1-де барады.
Филиппин аралары
Филиппин аралдарында мектептерді қайта ашу бірнеше рет кейінге қалдырылды. Қазіргі жоспар бойынша балалар енді қазанның 5-де сабаққа оралуы керек. Соның өзінде дәрістер қашықтықтан берілуі керек деген ұсыныс айтылып отыр. Президент Родриго Дутертенің пікірінше, Covid-19-ға қарсы вакцина табылғанша, оқушылардың мектептерге оралмағаны жөн болады.
Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия
Үндістанда, Непалда, Бангладеште мектептер жабық тұр. Шри-Ланка үкіметі болса, вирустың таралуын шектедік деп, осы айда мемлекеттік емтихан тапсыратын оқушылар үшін мектептерін жартылай ғана ашты. Камбоджа мектептері де әлі жабық. Бірақ, Таиланд пен Малайзияда олар шілде және тамыз айларында түгелдей ашылды. Ал, Индонезияда шілдеден бері сыныптарға кіретін оқушылардың саны мен дәрістердің сағаты шектеліп отыр.
Орталық Азия
Өзбекстан білім министрлігінің мәлімдеуінше, эксперимент ретінде мектептер «жасыл аймақтарда» қыркүйектің 7-де, республиканың барлық өңірлерінде қыркүйектің 14-де ашылады. Балалар «сыныптық режим» бойынша, яғни, бір кабинеттен екіншісіне ауыспай-ақ сабақ өтеді. Ал, қыркүйектің 10-на дейін жеткіншектердің барлығы антисептиктермен және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұғалімдер коронавирусқа тесттен өтіп, әрі қарай вирусқа қарсы вакцина ектіруге тиіс болады. Тәжікстантанда жаңа оқу жылы тамыздың 17-де басталды. Пандемияға байланысты мұнда оқу үш кезекке бөлінді: біріншісі сағат 8:00-10:55 аралығында өтсе, екіншісі - 11:10-ден 14:05-ке дейін созылып, үшіншісі - 14:20-де басталып, 17:15-те аяқталуы тиіс. Және де сыныпқа кірерде оқушылар мен мұғалімдердің температурасы тексеріліп, сабақта балалар шахмат тәртібімен отырулары керек. Ал, Қырғызстанда жаңа оқу жылы қыркүйектің 1-де қашықтықтан басталып, мектептерге тек бірінші сынып оқушылары ғана барады.
Франция
Францияда кейінгі апталарда инфекция тағы өршіп жатса да, 12,9 миллион бала сейсенбіде сыныптарға қайта жіберіледі. Осылайша, президент Эмманюэль Макрон үкіметі карантин кезінде балаларға қатысты күшейген теңсіздікті жойып, ата-аналарды жұмысқа қайтарғысы келеді. Барлық мұғалімдер, орта және жоғары сыныптардың оқушылары күні бойы маска тағып, бір ізді дәлізбен жүріп, бір жерге көптеп топтаспауға тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік субсидиямен ыстық тамақ ішетін оқушылар үшін асханалар да қайта ашылады. Ал, Париж аймағыда балалар тағы да карантинге жабылған жағдайда, оларға тегін ноутбук үлестіріледі.
Германия
Германия оқушыларының көпшілігі мектептерге оралып қойды. Ал Берлиндегі 825 мектептің 41-де коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелген. Отбасылық жиындар жиілеп, талай адам жазғы демалыста сапарға аттанғандықтан, кейбір аудандарда эпидемия қайта өршіп, сан мың бала карантинге алынды. Соған қарамастан, Германия мектептерді қайта жабуды қаламай отыр. Елде тек жекелеген оқушылар немесе сыныптар ғана оқшауландырылып жатыр. Маска тағу мен өзге ережелерді ұстану әр аймақта әртүрлі. Берлинде сабақ үстінде масканы шешуге рұқсат берілсе, өзге бір аудандарда балалар үнемі беттерін тұмшалап жүруі керек. Неміс үкіметінің ойынша, мектептерді ашық ұстау фанаттардың стадиондарға оралуы мен концерттерге көп адам жинаудан әлдеқайда маңызды.
Британия
Ұлыбританиядағы 11 миллион оқушының көпшілігі наурыздан бері сыныптарды көрген жоқ. Бірақ, Англияда балалар қыркүйектің 4-де мектептерге оралатын болды. Премьер-министр Борис Джонсон мектептерді қайта ашуды «моральдық міндетке» теңеп, балаларын үйде ұстаған ата-аналарға айыппұл салатынын ескертіп отыр. Жаңа тәртіпке сай, оқу орындарында қол жуатын «станциялар» орнатылып, балалар түскі асқа бір сәтте емес, әр уақытта баруы қажет. Бірақ, маска тағу міндет емес. Кейбір аудандар гибридтік жүйеге көшіп, мектепке бару мен онлайн сабақ режимдерін бірге ұстанып отыр. Британия коронавирустан Еуропа бойынша ең көп адам жоғалтты. Мұнда «ковидтен» 41500-ден астам тұрғын қайтыс болған. Сол үшін Джонсон үкіметі қазір үлкен сынға ұшырап отыр.
Испания
Испанияда пандемия қайта өршіп, мұғалімдер кәсіподақтары тарапынан сын күшейген шақта, үкімет мектептерді қыркүйектің 4-де қайта ашу жоспарын жариялады. Оған сәйкес, қосымша кеңістік үшін мектеп аулаларында сыныптар ашылып, бала оқытуға 11 мыңдай жаңа мұғалім тартылмақ. Ал, ел астанасы Мадридте 12 жасқа дейінгі балалардың түгелдей мектепке оралуына рұқсат беріліп, одан үлкен оқушылар аралас режим бойынша, яғни, сабақты мектепке барып та, онлайн түрде де жалғастыратын болды.
Скандинавия елдері
Скандинавия елдерінде мектептердің көбі дәрістерді өткен аптада бастады. Өйткені, оларда былтырғы оқу жылы ертерек аяқталды. Көпшіліктің ойынша, балаларды үйге қамағаннан мектепке жіберген әлдеқайда зиянсыз. Швецияда вирусқа қарсы көп шара қабылданған жоқ. Дегенмен, мұнда ата-аналардың мектепке кіруіне тыйым салынып отыр Ал, Данияда таяуда жоғары сынып оқушылары қашықтықтан аз білім алатындарына шағымданып, тіпті үкіметке қарсы шеру өткізді. Олардың ойынша, балалардың топтасып сауда орталықтарына, спортзалдарға, кинотеатрларға баруына рұқсат беріп, мектептерге кіруіне тосқауыл қою дұрыс шешім емес.
#оқу #мектеп #карантин #әлем