"Естеріңізде болса, бір апта бұрын Бахрейндегі сексуалды құлдықтан Қазақстанның 21 азаматын босатып алғанымызды хабарлаған едік. Бұл жұмыс Бахрейннің құқық қорғау органдары және Сауд Арабиясының елшілігімен бірге жүргізілді. Қазір ол қыздар Қазақстанда. Бәрінің жағдайы жақсы. Бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Айбек Смадияров Нұр-Сұлтанда өткен брифинг барысында.
Ол қылмыстық топтың құрамында Қазақстан азаматы болғанын да айтып өтті.
"Істің мән-жайын толық айта алмаймын. Ол іске шетел азаматтары ғана емес, Қазақстан азаматтарының да қатысы бар. Олар дәл осы іспен айналысқан ірі ұйымдасқан қылмыстық топ болған. Тергеу аяқталып, қажетті ақпарат дайын болғанда міндетті түрде ол туралы хабарлаймыз", - деді Смадияров.