Журналист Мәскеудің қақ ортасында, өзінің материалына мәлімет берер дереккөзімен кедесу жолында ұсталынды. Қорғаушысы мен құқық қорғаушы өкілдерінің айтуынша полиция оны соққыға жықты. Оған қоса, есірткі табылған пәтерін тінту барысында Голуновтың өзін көлікте қамап ұстағанын көршілері байқады.
Тағылған айыптардың жалған және тілшінің кәсібімен тікелей байланысты екендігіне тұтқынның өзі де, оның жақындары да сенімді. Бұған дейін Иван Голунов Мәскеу мэриясы сияқты үкімет органдарының пара алуы мен билік отбасының бірнеше миллион құрайтын иеліктерін әшкерелеумен болды.
Журналистің кінәсіз екендігіне сенімді болған азаматтар, Иванның оқырмандары, біраз жыл бойы бірге қызмет еткен әріптестері оның босатылуын талап етіп, бейбіт пикетке шықты.
6000 БАҚ өкілдері қол қойған талап хат пен 110 мың қол жинаған петиция өз жемісін бергендей. Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенко полиция ісін арандатушылық деп танып, бұл істі өзінің қатаң бақылауна алатынын мәлімдеді. Нәтижесінде Иван Голунов үй қамауынан босатылып, іс жүргізген қызметкерлер қызметтен босатылды.