Бүгін, 5 қарашада еліміздің атынан 2 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады.
Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Махмұд Сабырхан (54 кг) жұдырығын түйіп алып, алтын медаль үшін айқасады.
Жартылай финалдағыдай, жекпе-жекті Теміртас Жүсіпов бастайды. Оның қарсыласы Таиландтан келген мықтының бірі Вуттичай Юрачай. Алтын әкелетін жекпе-жекті жанкүйерлер Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:00-де көре алады.
Артынша сағат 23:15-те Махмұд Сабырхан мен жапон жігіті Томою Цубойдың жекпе-жегі басталады.
Ал 6 қарашада Сәкен Бибосынов (51 кг) пен Серік Теміржановтың (57 кг) жекпе-жегін көре аламыз. Бұл екі жекпе-жек те қазақ-америка шайқасы болмақ. Себебі спортшылармыздың қарсыласы АҚШ-тан келген былғары қолғап шеберлері. Сәкеннің қарсыласы Роско Хилл, ал Серік Джамал Харвимен жұдырықтасады. Жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:00-де және 23:15-те басталады.