"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы этникалық қазақтардың үндеуіне байланысты Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың тарихи отанына оралуына барынша көмек көрсетуді тапсырды. Біз өз кезегімізде Кабулдағы Қазақстан елшілігіне бұл мәселені ерекше бақылауға алуы туралы тиісті бұйрық бердік. Біздің мәліметтер бойынша, бұл елде этникалық қазақтардың 15-ке жуық отбасы тұрады. Бұл - шамамен 200 адам", - деді Смадияров.
Ол кейбір қазақстандық БАҚ Ауғанстанда бірнеше ондаған мың этникалық қазақ тұрады деген расталмаған ақпаратты таратқанын еске салды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми өкіл ақпаратты мұқият тексеріп, ың-шың тудырмауға кеңес берді.
"Біз жұмыс істеп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен байланыстамыз. Әрине, шалғай аудандарда біз білмейтін басқа отбасылар тұруы мүмкін. Бірақ 40-70 мың адам деп айтылған цифр шындыққа сәйкес келмейді", - деп түсіндірілді брифингте.
Оның айтуынша, соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақ ретінде таныстыратын азаматтардың түрлі тобының жүгінуі жиілеп кеткен, бірақ іс жүзінде олар дәлел келтіре алмайды. Олардың кейбіреулері тіпті қазақша білмейді және ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аударуы мен руына қатысты мәліметтерді алға тарта алмаған.
"Біз этникалық қазақтардың отанына оралуына көмектесуі туралы барлық өтініштері мен сұрауларын мұқият тексереміз. Бұл бір күннің ісі емес, сондықтан шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз", - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Айбек Смадияров қазіргі жағдайда өтініш берген этникалық қазақтардың Ауғанстан азаматы екенін ескеру қажет екенін айтады. Оларды Қазақстанға көшіру үшін құқықтық процедуралар қажет.