Оның айтуынша, елде әйелдер құқығын кемсіту азаяды. Нәзік жандыларға білім алуға, тіпті ерлермен тең жұмыс істеуге рұқсат берілмек. Бірақ, тек шариғат шеңберінде. Ең бастысы билікке келген тәліптер есірткі және қару-жарақ саудасына тыйым салынатынын жариялады. Есірткінің орнына егін салуға ниетті.
Забихулла Муджахид, "Талибан" қозғалысының ресми өкілі:
"Отандастарымызды, әйелдер мен халықаралық қауымдастықты біз ешқандай есірткі шығармайтынымызға сендіреміз. Бұдан былай Ауғанстан есірткісіз елге айналады, бірақ оған халықаралық көмек қажет болады. Халықаралық қауымдастық бізге балама дақылдарды өсіруге көмектесуі керек".
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына еркіндік береміз деп мәлімдеді. Тіпті тілшілерге тәліптердің жұмысын сынауға да болады. Бастысы шариғат заңдылықтарына, оның қағидаттарына қарсы шықпау, ислам дінін қараламау қажет. Сондай-ақ, жаңа билік өкілдері ешкімге кек сақтамай, Кабулдегі бірде бір елшілікке оқ атылмайтынын жеткізді. Халықаралық ұйымдармен достық қарым қатынас жасауға ашық екендерін айтты. Еске салсақ, "Талибан" қозғалысы Қазақстанда террористік деп танылған және оның қандай да бір қызметіне тыйым салынған.