Көрнекті әнші Еркін Шүкіманов өзінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларының бірінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ойшілік ауылында Әміренің бет-бейнесі бар зираты тұрғанын хабарлады. «Апыр-ай, бұл қалай?» дестік. Жазбаны кім оқыса да, аңтарылып қалатыны сөзсіз еді. Өйткені, М.Әуезов, А.Жұбанов естеліктерінен бастап, әміретанушы, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім ағамыздың еңбектеріне дейінгі Әміреге қатысты зерттеулердің барлығында әйгілі әншінің Алматыдағы Райымбек даңғылының бойындағы Орталық зиратта жерленгендігі нақты айтылған һәм жазылған болатын.