Бөрісырғақ атауының да мәні тереңде. Дәл осы бөрісырғақ уақытында қасқыр ұйығады. Қаншығы (қасқырдың ұрғашысы-авт.) күйлеп, арланымен жұптасатын кезең. Түз тағысы өзге мақұлықтар сынды бұл әрекеттерін ашық, кез келген жерде жасамайды. Әр жылда 5-6 күнге ғана созылатын бөрісырғақ кезеңінде қасқыр қаншығын ертіп, әуектен (үйірінен) бөлініп кетеді.
Қазақта ат құлағы көрінбейтін борандар осы ақпан айында күш алады деген тәмсіл бар. Бұл амал шамамен ақпан айының 17-25 аралығында өтеді. Былайғы уақытта қасқыр қатты ашыға қоймаса немесе өшікпесе адам мен малға шаппайды. Жемтігін түзден тауып жүре береді. Ал, бөрісырғақ кезеңінде ештеңеден тайынбайды екен. Яғни, адам болсын, мал болсын жайратып салып, кете береді. Осыны білген қазақ бұл күндері малын қыстауынан ұзатпай, адамға да, малға да сақ болған.
Қасқыр күшігін 63 күн көтеріп, сәуір айының соңында туады.
Қасқырдың қайсарлығын, қақпан қысқан аяғын қыңқ етпестен шайнап тастап кететін намысын қастерлеп, өз болмысынан көрсете білген бабаларымыз бөрілі байрақ көтерген. Ал, бүгінгі шаруашылықпен етене өскен, дала қазағынан өзгесі бөрісырғақты ұмыта бастаған. Біздікі бөрісырғақты білген қазақ бөрілігінен де ажырамас деген тілек. Ендеше, қыстауда отырған ағайыныңыз болса, таяу күндері келетін бөрісырғақ кезеңінен құлаққағыс етіңіз.
Жанар ӘМІРҚҰЛОВА, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының әдіскері.