Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.
Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады.
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің - 41 пайызында, жан сақтау бөлімдердің - 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.
Премьер-Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал "СҚ-Фармация" қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар.
Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.
#Президент #Тоқаев #Мамин #Премьер-министр #қабылдау #есеп