Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. Атап айтсақ, Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының "Атамекен" тарихи-мәдени орталығындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы және қалыптасуындағы тарихи рөлін айшықтайтын музейлік экспозициялармен танысты.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша "Туған жер" жобасының аясында бой көтерген «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды.
Сонымен қатар Қырымбек Көшербаев Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне барып, Жамбыл мен оның өнердегі пірі Сүйінбай Аронұлының, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің зираттарына гүл шоқтарын қойды, мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов ұлы жыраудың 175 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Мерейтойлық іс-шаралар жоспарында Жамбыл туралы өмірбаяндық фильмнің түсірілімі, ақын туралы кітаптар шығару, ақындар айтысын ұйымдастыру, мәдени ескерткіштер орнату, суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу және т.б. шаралар қарастырылған. Көрнекті тұлғалардың асыл мұраларын насихаттау рухани жаңғыруға, әсіресе, жастардың рухани өсуіне зор ықпал ететіні айрықша атап өтілді.
#көшербаев #мерейтой #жамбыл #175жыл