USD 448.89
EUR 477.93
RUB 4.76
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Елбасы Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

  • 15.желтоқсан.2020, 12:21,
  • 477

Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік - Назарбаев.

Елбасы сайтында жарияланған құттықтауында ҚР Тұңғыш Президенті еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басып жатқанын атап өтті.

Құрметті отандастар!

Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Әлем картасына Қазақстан атын ойып жаздық.

Сол сәттен еліміздің жаңа тарихы басталды.

Осы жылдар ішінде мемлекетіміз айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге жетті.

Біз елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік.

Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық.

Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды.

Еуразия жүрегінде жаңа астанамызды салдық.

Біз елімізде тұрақтылықты, қоғамымызда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырдық.

Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет.

Біз осы жылдар ішінде бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз.

Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды.

Қазақстанның даму мен өркендеу жолында үнемі алға басуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, берік негіз қалыптастырдық.

Тәуелсіздікпен бірге сан ғасырлық тарихымыз, төл мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта түледі.

Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз.

Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз.

Бұл – ата-бабамыздың аманаты.

Осыны ешқашан ұмытпауымыз керек.

Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз.

Құрметті қазақстандықтар!

Әр елдің ең ұлы, ең қастерлі мерекесі бар.

Біз үшін ол – Тәуелсіздік күні.

Бүгін біз сол тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басып отырмыз.

Бұл – жұртымыз үшін мерейлі белес, зор қуаныш.

Егемен еліміздің жаңа дәуірі, жарқын жетістіктеріміздің жаңа кезеңі басталды деген сөз.

Біздің бағындырар белесіміз бен шығар шыңымыз әлі алда!

Баршаңызды сол мақсаттарға қол жеткізіп, Қазақстанды өркениетті отыз елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырамын.

Осынау айтулы мерекеде сіздердің шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!



#елбасы #назарбаев #тәуелсіздіккүні #мереке 

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
14.12.2020
28.11.2020
30.08.2020
02.09.2019
31.05.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Сәуір 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930