Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды:
Құрметті форумға қатысушылар!
Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының отыз жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін айтулы оқиға. Діни басқарма Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға атсалысып келеді. Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі исламды дамытуға зор үлес қосуда. Биылғы пандемия кезінде діни басқарма көптеген қайырымдылық шарасына ұйытқы болды. Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса маңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқаруда. Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде дін қызметкерлерінің рөлі айрықша. Сондықтан, ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек. Мешіттерде әрдайым имандылыққа, адамгершілікке үндейтін уағыздар айтылғаны жөн. Сондай-ақ, білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек. Азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына және жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне сіздердің қосар үлестеріңіз мол. Имамдар мен дін қызметшілері осы жауапты міндетті келешекте де ойдағыдай атқаратынына сенемін.
Құрметті имамдар, форум делегаттары! Сіздердің сауапты істеріңіз әрдайым еліміздің береке-бірлігін нығайтуға арналған. Мұндай игі жұмыс қашанда ерекше құрметке лайықты.
Сондықтан, дін саласын дамытуға айрықша үлес қосқан бірқатар имамдар мен ғалымдарға бүгін мемлекеттік марапаттар табыс етіледі. Баршаңызды құттықтаймын! Форум жұмысы жемісті болсын, делінеді үндеуде.
#тоқаев #президент #берікуәли #үндеу #имам