Бүгін Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудың 57 жылдығына орай, шаһар басшысы Нұрдәулет Игілікұлының шақыртуымен Қарағанды облысынан Ақтау кентінің әкімі Алтынбек Есмұрзаев бастаған арнайы делегация келді. Қос Ақтаудың басшылары мен делегация өкілдері қала күніне орай облыс орталығында ашылған «Геологтар аллеясының» тұсаукеріне қатысты. Сондай-ақ, шарада ардагер геолог-барлаушылар, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов болды.
Жоба авторы құрметті геолог, ардагер Бисенбай Бисенғалиев. Он екінші шағын ауданда орналасқан аллеяны салуға өңірдегі мұнай компаниялары қаржылай демеушілік жасаған. Құрылыс жұмыстарына 15 миллион теңге жұмсалды.
«Архитектуралық нысанда бұрғылау, мұнай алу қондырғысы, геологтардың атрибуты: балға мен табылған тас композициясы бейнеленді. Маңғыстауда ашылған кен-орындарының тізімі мен атақты геолог-барлаушылардың есімдері жазылды. Геологтар мен мұнайшылар еңбегінің тек Маңғыстау облысында ғана емес, тұтастай республикамыздың экономикалық саласындағы ерекше рөлі мен маңыздылығын атап айтуға тиістіміз. Бүгін осы ардақты мамандық иелерінің құрметіне ашылған аллея алдағы уақытта қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп ойлаймын», - деді Маңғыстау өңірлік геология инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет.
#ақтау #аттас #маңғыстау #қарағанды #әкімдер