"Кездесу барысында Мемлекет басшысы еліміздегі жанар-жағармай қорының бірден азайып кетуіне жол бермеу қажет екенін атап өтіп, ішкі нарықтағы жағдайды осындай келеңсіздікке әкеп соқтырған ведомстволардың жұмысын сынға алды. Президент өнеркәсіп пен халықты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ қосымша өндіріс қуаты көздерін құру қажет екеніне назар аударды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Энергетика министрі Президентке тапшылықтың орнын толтыру үшін қабылданған шұғыл шаралар туралы баяндады. Осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 2022 жылға шегерілген. Бұдан бөлек Ресейдің Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде шамамен 150 мың тонна дизель отыны көрші елден импортталды. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақталып келеді.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысына Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерімі жөнінде айтты. Алдағы онжылдықта электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайын өседі деп күтілуде. Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздерінің, сондай-ақ газ және гидроэлектр станциялары есебінен өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысына цифрлық майнинг саласын бақылау үшін қабылданып жатқан шаралар таныстырылды. Бұл өз қызметін тіркеусіз атқаратын субъектілерге қатысты. Министр "сұр" майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынатынын және оларды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, қажет болған жағдайда, басқа да құзырлы органдарды тарта отырып, аталған жұмыстарды жылдамдатуды, сондай-ақ майнингті заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесін кейінге қалдырмауды тапсырды. Бұл ретте «ақ» майнерлер өз қызметін қосымша шектеулерсіз жалғастырады.
Мемлекет басшысы ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Қазақстанның ресурсы мол екенін айтты. Президент Энергетика министріне жүктелген міндеттерді шешу үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін тапсырды.