"Бері қара, қымбаттым, қызғалдақ пен тәттінің не керегі бар?! Маған ұп-ұзын, болаттай мығым әрі сенімді пойыз керек! ҚТЖ-ның темірдей мықты ханымдары тек сенімділерді таңдайды. Қымбатты қыздар, 8 наурыз мерекесі құтты болсын! ҚТЖ-ның болаттай мығым жігіттері Сіздерді құттықтайды", - делінеді Нұр-Сұлтандағы әкімшілік ғимаратқа ілінген LED-экраныннан берілген видеода.
Бұл видео желіде қарама-қайшы пікірлерді бұрқ еткізді. "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі бұл видеороликке қатысты түсініктеме берді.
"Роликті дайындаған кезде "ҚТЖ" ҰК" АҚ нәзік жандыларды қорлау немесе масқаралауды мақсат еткен жоқ. Біз осы видео тудырған жағымсыз эмоциялар үшін кешірім сұраймыз. Оны дайындаған кезде компания әйел өкілдерінің құқығына қол сұғуды көздемеген", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, компания ер адамдармен қатар тең дәрежеде теміржолда әйелдер қауымы да жұмыс істейтінін, жұмыстың ауырлығына қарамастан осы салада істейтін әріптестерге деген ризашылық, құрмет пен қошеметті білдіру ғана бұл арада мақсат етілгені атап өтіледі.
ҚТЖ-да 24 мыңнан астам әйел жұмыс істейді, бұл барлық қызметкерлер санының 21% құрайды, делінген компания хабарламасында.