Кеше ҚР Президенті - ҚК Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырған еді.
"7 тамызда ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан 29 медицина маманы мен 4 аудармашыдан құралған топ Нұр-Сұлтан-Ақтау бағыты бойынша ұшты. 8 тамызда таңертең Бейрут портында жарылыс нәтижесінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері әскери-транспорттық авиация ұшағы Ақтау - Бейрут бағыты бойынша ұшып кетті", - делінген хабарламада.
4 тамызда Ливан Әскери-теңіз күштерінің базасына жақын орналасқан Бейрут портының маңында қуатты жарылыс болып, 150-ден кем емес адам қаза болғаны белгілі. Бес мыңға жуық адам жарақат алды, алайда ауруханалар толы болғандықтан зардап шеккендер стационар жағдайында ем қабылдай алмай жатыр.
"Қазақстан Республикасындағы Covid-19-бен байланысты жағдайды ескере отырып, топ құрамына инфекционист және терапевт дәрігерлер қосылмады. Топ құрамына жоғары білікті хирургтар, травматолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген.
Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты зардап шеккендерге білікті медицина көмек көрсету", - делінген СІМ хабарламасында.
#әскеридәрігер #ливан #берут #жарылыс