Мұндай шешімді Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдады.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID -19 таралу жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.
19 наурыз сағат 00:00-ден келесі шаралар күшіне енеді:
- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
- карантин аймағының периметрін белгілеу және одан кіру/шығу пункттерін анықтау;
- адамдардың жүріп тұруын, сондай-ақ көлік құралдарының кіруін/шығуын шектеу;
- үш санат бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету: жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндік;
- халықты азық-түлікпен жабдықтауды ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі үшін оңтайлы, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалық аумақтағы секторларды және олардың шекараларын анықтау;
- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;
- азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауарлар сатылатын сауда базарларының, ірі сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сату жөніндегі оларда орналасқан объектілерді қоспағанда, тоқтата тұру;
- санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, "клиенттерге жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жаңа жұмыс режимін белгілеу;
- ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;
- карантин аймақтарындағы халықтың және әрбір сектордың тамақ өнімдеріне, дәрі- дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен бірінші қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін айқындау;
- карантин аймағының әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша азайтуды ескере отырып, сауда және азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;
- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.