Бір тәулік өтісімен ажиотаж Алматыға да жетті. Мегаполистегі кейбір бекеттерде сұйық отынның құны 200 теңгеден асып, артынан 95-бензиннің бағасы құбылып сала берді.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Kolesa.kz тілшісіне түсіндіргендей, 6 мамыр мен 10 маусым аралығында Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыт "ПетроКазахстан Ойл Продактс" ЖШС-інде жоспарлы жөндеу жүргізілген. 13 маусымда мұнда бензин (соңғы бес күнде тәулігіне 6.5 тонна), 16 маусымда дизель (күн сайын 5.6 тонна) өндірісі қайта басталды. Оңтүстік аймақтағы жұрт тәулігіне 5.31 мың тонна АИ-92, 5.6 мың тонна дизель тұтынатынын ескерсек, қазір өндіріліп жатқан мұнай мөлшері сұранысты толық өтейді.
Мекеме мамандары зауыт жөндеуде болғанда кәсіпкерлерде жанармайды Атырау мен Павлодардан алу мүмкіндігі болған. Алайда теміржолшылар отынды уақытылы жеткізбепті. Қазір министрлік "ҚТЖ" ҰК" АҚ-мен бірге жанар-жағармайды оңтүстік өңірге жөнелтуді тездетті.
Министрлік дерегіне сүйенсек, қазір мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті деңгейде: бензин — 195 мың тонна + зауыт резервуарында 32.1 мың тонна, дизель — 190 мың тонна + зауыт резервуарында 22.7 мың тонна. Мұнай өңдейтін зауыттардың бәрі әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр.
#дизель #отын #тапшылық #жағармай